Абылайдан басқа төре – ас еңбегі,
Түлкі алмайтын жаман бүркіт – ат еңбегі.
***
Аға-ініні жамандап, қане, туған тапқаның,
Арғымақты жамандап, қане, тұлпар тапқаның.
***
Ағайын жамандауға да болады,
Жақсылауға да болады.
***
Ағайынды жамандап,
Туғанды қайдан табасың.
Арғымақты жамандап,
Тұлпарды қайдан табасың.
***
Ағайынды жатқа сатқан жаман,
Биені атқа сатқан жаман.
***
Ағайынды жатқа сатқан жаман,
Биесін атқа сатқан жаман.
***
Ағайыннан жат жақсы,
Таныс болса.
Арғымақтан ат жақсы,
Шабыс болса.
***
Ағайыннан жат жақсы,
Таныс болса.
Арғымақтан жабы жақсы,
Шабыс болса.
***
Ағаш көркі – жеміс,
Адам көркі – жақсы іс.
***
Ағаштан ат мінбе,
Жаманнан дат ілме.
***
Ағаштың жақсысы – шынар,
Адамның өңсізі – шыбар.
***
Ағын су арам болмас,
ит жалдап жаласа да,
жақсы адам жаман болмас,
жасы жетіп қарыса да.
***
Адал ұл оздырады,
Жаман ұл тоздырады.
***
Адам аласынан сөз аласы жаман.
***
Адам аласынан, сөз аласы жаман,
от шаласынан, сөз шаласы жаман.
***
Адам арамдықтан жамандық көрмей қалмас.
***
Адам бар дүр, адамдардың гүлі дүр,
Адам бар дүр, хайуан одан жақсы дүр.
***
Адам болар баланы толықпаған жас деме,
Жамандығын көргенше, жолдасыңды қас деме.
***
Адам болып жүргенің адамдықта,
Тонды тастап қашарсың жамандықта.
***
Адам жақсысы – арынан,
Ат жақсысы – жалынан.
***
Адам жақсысы берекеде,
Ат жақсысы мерекеде.
***
Адам жақсысы елін іздейді,
Ат жақсысы жерін іздейді.
***
Адам жақсысы елінен кетпейді,
Ат жақсысы жерінен кетпейді.
***
Адам жақсысын лебізінен танисың,
Ат жақсысын семізінен танисың.
***
Адам туа жаман болмайды, жүре жаман болады.
***
Адам туа жаман емес, жүре жаман.
***
Адамды екі нәрсе қартайтпайды:
Бірі – жақсы мінез, бірі – жақсы сөз.
***
Адамның бір жақсысы көзінен,
Бір жаманы сөзінен білінеді.
***
Адамның жамандығы – надандығы,
Аттың жамандығы – шабандығы.
***
Адамның жаманы бар,
Күннің жаманы жоқ.
***
Адамның жаманы болмайды,
Тартып сыр тартсаң.
Аттың жаманы болмайды,
Асырап бабын тапсаң.
***
Адамның жаманы кетпес,
Күннің жаманы кетер.
***
Адамның жаманы – мылжың,
Жақсысы – жомарт.
***
Адамның жаманы – өз аузына ие болмағаны.
***
Адамның жаманын бақсаң,
аузы-мұрныңды қан етер,
Малдың жаманын бақсаң,
аузы-мұрныңды май етер.
***
Адыраңбай жеңілгенін де, жеңгенін де білмейді.
***
Ажалдан қашып құтылмайды,
Жаманның сөзі тұтылмайды.
Жақсыдан айтқан ғибрат
Өлгеніңше ұмытылмайды.
***
Аз жақсылық –
Ақылды тең етеді.
Көп жақсылық –
Ақылды кең етеді.
***
Азаматтың ақысын,
Азамат қайырар,
Жаман сөз жалпақ
Жұртқа жайылар.
***
Азар болса, жақын жаман,
Шабан болса, атың жаман,
Шайпау болса, қатын жаман.
***
Азған елдің баласы –
Бірін бірі жамандар.
Қақпан құрып алдына
Құлатуға амалдар.
Озған елдің баласы –
Бірін-бірі «батыр» дер
Қойны-қоншы құйылып,
Толып тұрған ақыл дер.
***
Азғыруға адамның шайтаны жаман.
***
Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ.
***
Айғырың жақсы болса, бір сай,
Биең жақсы болса, бір тай.
***
Айдап жүрген мал жақсы,
Мал жақсы емес-ау,
Арыз тыңдаған хан жақсы.
Бәрін айт та, бірін айт,
Аман тұрған жан жақсы.
***
Айналыш та болса жол жақсы,
Ақсақ та болса қыз жақсы.
***
Айрыларда әйел жаман,
Көшерде жұрт жаман.
***
Айтқанның аузы жаман,
Жылағанның көзі жаман.
***
Айтқызған жаманның ісі,
Қамшылатқан шабанның ісі.
***
Айтқызып істеген адамда қасиет жоқ.
***
Айттырған – жаманның ісі,
Қамшылатқан – шабанның ісі.
***
Айтылады тілменен сөз, сыр ішің,
Жақсы сөз де, білсең, бедел, ырысың.
***
Айыратын жаман бар,
Қосатұғын жаран бар.
***
Айыратын жаман бар,
Қосатын жаран бар,
Барын ішпейтін сараң бар,
Жасырып ішетін арам бар.
***
Айырдан жампоз туады
Аруанаға бергісіз.
Жақсыдан жаман туады
Бір аяқ асқа алғысыз.
***
Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ,
Шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ.
***
Ақ сұңқардың баласы
Алдына қоймай ас жемес.
Анық жақсы баласы
Адамнан туса жат демес.
***
Ақкөңілден арамдық шықпас,
Арамдық шықса да жамандық шықпас.
***
Аққа өлген жақсы.
***
Аққу құстың төресі,
Жалғыз жатып оттамас.
Қас жақсының белгісі,
Қара сөзді қостамас.
***
Аққу – құстың төресі,
Жалғыз жүріп оттамас.
Қас жақсының белгісі –
Қара сөзді жақтамас.
***
Ақсақ қой өршіл,
Жаман адам төршіл.
***
Ақсары деген құс болады,
Баласы алғыр бес болады,
Қу ілері бір болады,
Қу ілмейтін жаманы
Құладын құсқа жем болады.
***
Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ,
шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ.
***
Ақсұңқардың баласы алтау болар,
Бесеу болар, ішінде біреуі қу болар.
Қу ала алмаған жаманы
Құладынға қор болар.
***
Ақылдан жақын дос болмас,
Ашудан жаман қас болмас.
***
Ақылдылық жақсы атқа қалдыруды тілейді.
***
Ақылы асқан жақсыны
«Алысым» деп ойлама;
Ақылы жоқ жаманды
«Жақыным» деп ойлама.
***
Ақылы асқан жақсыны «алысым» деп ойлама,
Ақылы жоқ жаманды «жақыным» деп ойлама,
Бір сынаған жаманды екінші қайтып қинама,
Ашуланса мерт қылар, жолбарыспен ойнама.
***
Ақылы жоқ жаманға, ауыл маңы бұралқы.
***
Ақылы жоқ сұлудан,
Өңі жаман текті артық.
Ұрлап алған түйеден,
Еңбекпен тапқан ешкі артық.
***
Ақымақ басқа үйге тойға барса,
Үйімнен мұнда жақсы екен дейді.
***
Ақымақтың әңгімесін тыңдағанша,
Зынданда жатқан жақсы.
***
Ала болған елді дұшман аралар,
Туысқаның жаман болса, басын қаралар.
***
Алакөз арам адамдар,
Бір бірін ылғи жамандар.
***
Аласаны атқа санама,
Жақсыны жатқа санама.
***
Аласаны атқа санама,
Жаманды затқа санама.
Бір сынаған жаманды,
Екінші рет сынама.
***
Алатауды алыстан көргін, басына барма,
Жақсы адамыңмен алыстан сыйлас, қасына барма.
***
Алған борыш жаман,
Соның бәрінен де қабағын түйіп берген
бір аяқ ас жаман.
***
Алған жарың жақсы болса, ат үстінен дүбір ет,
алған жарың жаман болса, шиге кіріп сыбыр ет.
***
Алғаны жақсы жолықса,
Жігіт тағы жасарар.
***
Алғаның жақсы болса,
Бұл дүниенің шырағы.
Мінгенің жақсы болса
Бұл жалғанның пырағы.
***
Алғаның жақсы болса – абыройыңның тұрағы,
Атың жақсы болса – дүниенің пырағы.
Балаң жақсы болса – екі көздің шам-шырағы!
***
Алғаның жаман болса да сатылмасын.
***
Алғаның жаман болса, көңілің жарым.
Атың жаман болса, талар қарың.
***
Алғаның жаман болса, шара жоқ,
Атың жаман болса, баға жоқ.
***
Алғаның жаман жолықса,
Тез ағартар шашыңды.
***
Алғыс алған аман,
Қарғыс алған жаман.
***
Алған жерді жамандап,
Артықты қайдан табарсың.
Ақ тоныңды жамандап,
Асылды қайдан табарсың.
***
Алғаны жақсы жігіттің
Әрқашан ісі оңдайды.
Алғаны жаман жігіттің
Ісінің сәті болмайды.
***
Алғаның жақсы болса,
Ат үстінен дүбір ет.
Алғаның жаман болса,
Үйге кіріп сыбыр ет.
***
Алланың сайтанынан адам сайтаны жаман.
***
Алты жаман бір болса,
Бір жақсыны иеді.
***
Алтын жерде жатпайды,
Жаман ұста суын таппайды.
***
Алтын қайшы пішкенге жақсы,
Алтын қасық ішкенге жақсы.
***
Алыс болса да жол жақсы,
Соқыр болса да қыз жақсы.
***
Алыс та болса, жол жақсы,
ақсақ та болса, қыз жақсы.
***
Алысқа шабар айғырды,
Сағағынан байқарсың.
Жеміс салар ағашты,
Сабағынан байқарсың.
Ықыласын жақсының,
Қабағынан байқарсың.
***
Алыстағы дұспаннан
Аңдып тұрған дос жаман.
***
Алыстағы дұшпаннан,
Аңдып жүрген дос жаман.
***
Алыстағы дұспаннан
Атып тұрған дос жаман.
***
Алыстағы дұшпаннан
Аңдып жүрген дос жаман.
***
Алыстағы дұшпаннан
Қасыңдағы қас жаман.
***
Алыстағы жаудан
Аяқ астындағы дұшпан жаман.
***
Алыстағы жауыңнан
Айнып кеткен дос жаман.
***
Алыстан қара көрінсе, қаша бер,
Қаша берсең, амансың.
Некеп-некеп қоймаса,
Қайрылмасаң, жамансың.
***
Амалсыз істелген жақсылық
Алғысқа татымайды.
***
Ана жақсылығын ауырсаң білесің,
Қайын жақсылығын қыдырсаң білесің.
***
Анадан артық дос бар ма?
Ашудан жаман қас бар ма?
Жиырма бестен жақсы жас бар ма?
Қымыздан тәтті ас бар ма?
***
Анадан өнеге көрмеген қыз жаман.
***
Анамды жақсы көргендіктен
Келісін түйдім.
Ауылымды жақсы көргендіктен
Желісін сүйдім.
***
Анау-мынау дегенше,
Жақсы мен жаманды біл.
***
Аң жаманы інінде,
Ер жаманы үйінде болады.
***
Араласпайтын ағайыннан,
Жақын жүрген жат жақсы.
Пайдасы жоқ техникадан,
Ерттеулі тұрған ат жақсы.
***
Арғымағың жамандап,
Кәні будан тапқаның.
Ағайынды жамандап,
Кәні туған тапқаның.
***
Арғымағың жамандап,
Кәні, бұдан тапқаның.
Ағайынды жамандап,
Кәні, туған тапқаның.
***
Арғымақ ат жақсы шаппаса да,
Жаман ат шаба алмайды баптаса да.
Ақымаққа айтқан сөзің ағып кетер,
Өзін тігіп сыртынан қаптаса да.
***
Арғымақ атқа оқ тисе,
Жабыдай болып туламас.
Ер жігітке оқ тисе,
Жамандай болып шуламас.
***
Арғымақ аттың белгісі –
Аз оттар да, көп жусар.
Жақсы адамның белгісі –
Аз сөйлер де, көп тыңдар.
***
Арғымақ аттың құйрығы –
Әрі жібек, әрі қыл.
Қас жақсының белгісі –
Әрі мырза, әрі құл.
***
Арғымаққа оқ тисе,
Мәстектей туламас.
Сыпайыға оқ тисе,
Жамандай шуламас.
***
Арғымаққа оқ тисе,
Мәстектей боп туламас,
Сыпайыға сөз тисе,
Жамандай боп шуламас.
***
Арғымаққа оқ түссе,
Мәстектей туламас.
Сыпайыға оқ түссе,
Жамандай шуламас.
***
Арғымақтан ат жақсы шабыс болса,
Ағайыннан жат жақсы таныс болса.
***
Арғымақты жамандап,
Қане, тұлпар тапқаның?!
Ағайынды жамандап,
Қане, туыс тапқаның?!
***
Арғымақты жамандап,
Тұлпарды қайдан табарсың?
Ағайынды жамандап,
Туғанды қайдан табарсың?
***
Арғымақты жамандап,
Тұлпарды қайдан табарсың.
Ақ тұйғынды жамандап,
Сұңқарды қайдан табарсың.
***
Арғымақты жаманның қолына бергенше,
Ақылды ердің жолына бер.
***
Арғымақтың жақсысы
Аз ғана оттап, көп жусайды.
Адамзатың жақсысы
Аз ғана сөйлеп, көп тыңдайды.
***
Арғымақтың жақсысы:
Шапса – көлік, сатса – пұл.
***
Арғымақтың құйрығы,
Сатсаң жібек, кессең қыл.
Жақсы адамның белгісі,
Үйде мырза, түзде құл.
***
Арғынның ең жаманы,
Жата қалып ат үркітеді.
***
Арзан менен қымбаттың
Базарда шыққан нарқы бар.
Жақсы менен жаманның
Жер мен көктей парқы бар.
***
Арзан менен қымбаттың
Базар берер нарқы бар,
Жақсы менен жаманның
Адам берер парқы бар.
***
Арқада жыл жақсы болса,
Арқар ауып несі бар.
***
Арқан жаман болса, ат қашады.
***
Арқанның ұзыны жақсы,
Сөздің қысқасы жақсы.
***
Артыңа жаман жұраттан гөрі,
Жақсы сөз қалдыр.
***
Арық атқа жал бітсе,
жанына торсық байлатпас,
жаман адамға мал бітсе,
қасына қоңсы қондырмас,
қондырса да оңдырмас.
***
Арық деген жаман тай,
Жазға шығып ат болар.
Жамандығың сезілсе,
Жақын кісің жат болар.
***
Арық мал өлсе, союға кісі шықпас,
Жаман адам өлсе, қоюға кісі шықпас.
***
Арық малды асырасаң,
Аузы-мұрның май болар.
Жаман кісіні асырасаң,
Аузы-мұрның қан болар.
***
Арық пен семіздің бауыры бірдей,
Жақсы мен жаманның жаны бірдей.
***
Арық пен семіздің бәрі бірдей,
Жаман мен жақсының жаны бірдей.
***
Арық пен семіздің жаны бірдей,
Жақсы мен жаманның жаны бірдей.
***
Ас иесімен тәтті,
Табағымен жақсы.
***
Ас сіңгенде жақсы,
Қатын өлгенде жақсы.
***
Аса пысық болсаң, дарға асыларсың,
Аса жасық болсаң, аяққа басыларсың.
Жұрттың жуан ортасы болсаң,
Ақылыңды асырарсың.
***
Астың ыстығы жақсы,
Сөздің пысығы жақсы.
***
Астыңда атың болса,
Арғымақ не керек?
Жақсы қатының болса
Ұжмақ не керек!
***
Асықсаң, жақсылыққа асық.
***
Асыл туған адамның
Алтын жетпес нарқы бар.
Жақсы менен жаманның
Аспан мен жердей парқы бар.
***
Ат жақсы болса, атасын сұрайды,
Жігіт жақсы болса, нағашысын сұрайды.
***
Ат жақсысы боз болар,
Ер жақсысы таз болар.
***
Ат жақсысы көрмеде,
Жігіт жақсысы түрмеде.
***
Ат жақсысы керуеннен түседі,
Зат жақсысы жарлыдан түседі.
***
Ат жақсысы ұзақ жолда сыналады,
Адам жақсысы ұзақ істе сыналады.
***
Ат жақсысы – шанада,
Жігіт жақсысы – саудада.
***
Ат жақсысын күдірде сына,
Атой салғанды дүбірде сына.
***
Ат жақсысын мақта,
Адам жақсысын жақта.
***
Ат жаманы жолда қалдырады,
Жолдас жаманы қолда қалдырады.
***
Ат жаманы таймен ойнайды.
***
Ат жаманы таймен ойнар,
Қатын жаманы байымен ойнар.
***
Ат жаманы тұрып тышады,
Ит жаманы үріп тышады.
***
Ат жақсысы керуеннен,
Зат жақсысы шеберден.
***
Ат жақсысы қарытады,
Негізіне тартады.
***
Ат жемейтін ащы шөптің біткенінен бітпегені игі,
Адам ішпес ащы судың аққанынан ақпағаны игі,
Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың
Туғанынан тумағаны игі,
Жалған сөздің болғанынан болмағаны игі.
***
Ат жүрісінен пұл болады,
Жаман жүрісінен құл болады.
***
Ат күтіммен жақсы,
Жүн түтумен жақсы.
***
Ат, өгіз терін бай бермес,
Жарлы болсаң, көз көрмес.
Өлсе жаман мал берер ысқатына,
Жанға өлшеген малдары жанына ермес.
***
Ата-анадан өсіп ұрпақ таралған,
Жақсы-жаман болса бала солардан.
***
Атадан жақсы туған ұл
Атаның есіктегі басын төрге апарар.
Атадан жаман туған ұл
Атаның төрдегі басын есікке апарар.
***
Атадан жақсы ұл туған-ды,
Ата жолын қуған-ды.
***
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді.
Атадан жаман ұл туса,
Елінің малын жейді.
***
Атадан жақсы ұл туса,
Есіктегі басын төрге сүйрер.
Атадан жаман ұл туса,
Төрдегі басын жерге сүйрер.
***
Атадан жақсы ұл туса,
Есіктегі басын төрге апарар.
Атадан жаман ұл туса,
Төрдегі басын есікке апарар.
***
Атадан жақсы ұл туса,
Қар үстінде от жанар.
***
Атадан жақсы ұл туса, қар үстінде от жанар,
Атадан жаман ұл туса, ат үстінен ит қабар.
***
Атадан жақсы ұл туса,
Мұз үстінен от жанар.
Атадан жаман ұл туса,
Түйе үстінен ит қабар.
***
Атадан жақсы ұл туса,
Төрдегі басы есікке бармайды.
Жаман ұл туса,
Басы есіктен қалмайды.
***
Атаның жақсысы жездедей-ақ.
***
Атаның жаман ұлы малға ортақ,
Әрі үйлі жанға ортақ.
***
Атаның жаман ұлы малға ортақ,
Әзірейіл жанға ортақ.
***
Атаның жаманы малға ортақ,
әзірейілдің жаманы жанға ортақ.
***
Атасы жақсы, көргенін айтады,
атасы жаман, бергенін айтады.
***
Атасы жаман алғанын жамандайды,
Туысы жаман туғанын жамандайды.
***
Атасы затсыз болса, баласы ауға шықса,
Қазы алатын құсын қарғаға салады дейді.
***
Атқа талау тисе, иттің мұраты береді,
Жақсы кісі аттан жығылса, жаман табаға келеді.
***
Аттан жығылғаннан
Атақтан жығылған жаман.
***
Аттың жақсысы көрмеде,
Кісінің жақсысы түрмеде.
***
Аттың сүріншегі,
Жігіттің еріншегі жаман.
***
Аты жақсымен жолдас болсаң,
Мұратқа жетерсің.
Жаманмен жолдас болсаң,
Ұятқа кетерсің.
Өзің көріп, ойланғын,
Көрсеттім жолдың төтесін.
***
Аты жаманда әруақ болмайды,
Киімі жаманда абырой болмайды.
***
Аты шабан болса,
Қатыны жаман болса,
Жігіттің көрген күні құрысын.
***
Атың жақсы болса – жалғанның пырағы,
Балаң жақсы болса – дүниенің шырағы,
Алғаның жақсы болса – мейманыңның тұрағы.
***
Атың жақсы болса, жолдың пырағы,
Қатының жақсы болса, жанның шырағы.
***
Атың жақсы болса – қанатың,
Ағайын жақсы болса – санатың.
***
Атың жақсы болса, жолдың пырағы,
Балаң жақсы болса, көңіліңнің шырағы.
Атың жаман болса, арманың кетеді,
Балаң жаман болса, дарманың кетеді.
Қатының жаман болса, үйіңнен мейманың кетеді,
Үйге мейман келгенде бұға-бұға кетерсің.
***
Атың жаман болса, арманың кетеді,
алғаның жаман болса, мейманың кетеді.
***
Атың жаман болса, басқа ұрма,
Досың жаман болса, қас қылма.
***
Атың жаман болса, бойыңнан дәрменің кетер,
Перзентің жаман болса, кеуіліңде арманың кетер,
Әйелің жаман болса, үйіңнен мейманың кетер.
***
Атың жаман болса, дәрменің кетеді.
Әйелің жаман болса, мейманың кетеді.
***
Атың жаман болса, қарың кетеді.
Балаң жаман болса, арың кетеді.
***
Атың жаман болса,
Арманың кетер.
Балаң жаман болса,
Пәрменің кетер.
Жылай-жылай өмірің өтер.
***
Атың жаман болса,
Сатып құтыларсың,
Көршің жаман болса,
Қайтіп құтыларсың?
***
Атың жаман болса, сатып құтыласың,
Қатының жаман болса, қайтып құтыласың.
***
Атың жаман болса, сатарсың да,
Қатының жаман болса, кайтесің?
***
Атың тайғақ болса,
Ақ текенің мүйізімен тағала.
Заманың тайғақ болса,
Бір жақсыны сағала.
***
Атың шабан болса – шыбын жанның азабы,
Әйелің жаман болса – бұл жалғанның азабы.
***
Атың шабан болса,
Дәрменің кетер.
Әйелің жаман болса,
Мейманың кетер.
***
Атың шабандаса, бабына қара,
Досың жамандаса, ағына қара.
***
Атың жақсы болса, бір бақыт,
Алғаның жақсы болса, мың бақыт.
***
Атың жақсы болса, дүниенің пырағы,
Әйелің жақсы болса, дүниенің шырағы.
***
Атың жаман болса, арманың кетер.
Балаң жаман болса, дәрменің кетер.
Алғаның жаман болса, келгенің кетер.
***
Аузы жаман елді бүлдірер,
Аяғы жаман төрді бүлдірер.
***
Аузы жаман елді былғар,
Аяғы жаман жерді былғар.
***
Аузы жаман елді былғар,
Аяғы жаман көлді былғар.
***
Ауру адамның айтқан өсиеті
Жақсылық жайында болады.
***
Ауру астас, жамандық жымдас.
***
Ауруда өлесің деген жаман,
Дауда бересің деген жаман.
***
Ауруда шаншу жаман,
Сөзде қаңқу жаман.
***
Аурудан әдет жаман.
***
Аурудың жаманы да тамақтан өтеді,
Амалы да тамақтан өтеді.
***
Ауыл толы есектен,
Арық та болса, ат жақсы.
***
Ауылдасың жақсы болса,
Ағайының не керек.
Алған жарың жақсы болса,
Айтың, тойың не керек.
***
Ауылдың жақсылығы жолынан білінер.
***
Ауылыңда қарияң (қартың) болса, жазып қойған хаттайын,
Алған жарың жақсы болса, ерттеп қойған аттайын.
***
Ауылыңда қартың болса, хатың сол,
Жаманың болса, жатың сол.
Жақсылық болса, жақының сол.
***
Ауылыңнан алғыр шықса, атың озады,
Ауылыңнан жаман шықса, елің тозады.
***
Ауыр жігіт дегенше, ауру жігіт десейші,
Шабан жігіт дегенше, жаман жігіт десейші.
***
Аш кісінің ашуы жаман.
***
Аш құлақтан тыныш құлақ жақсы.
***
Ашкөздің жақсыға көзі тұнар,
Қасқырдың етке көзі тұнар.
***
Ашу қысқан жаман іске ұрынар,
Ызалыға білім үйрет, ұғынар.
***
Ашуменен бір жақсыдан айрылып,
Қадір білмес бір жаманға тап болма.
***
Ашушаң жақсы болмас,
Жақсы ашушаң болмас.
***
Ашыққаннан құныққан жаман.
***
Ащы менен тұщыны татқан білер,
Жақсы менен жаманды Жаратқан білер.
***
Аяғы жаман көлді былғайды,
Сөзі жаман елді былғайды.
***
Аяғы жаман төрді былғар,
Аузы жаман елді былғар.
maqal-matel.kz
