Бай байға құяды,
Сай сайға құяды,
Көл көлге құяды.
***
Бай байға құяр,
Сай сайға құяр.
***
Бай болмаған бай болса,
Жайламаған сай қоймас.
Би болмаған би болса,
Сөйлемеген сөз қалмас.
***
Бай бір борандық,
Батыр бір оқтық.
***
Бай бір жұттық,
Батыр бір оқтық.
***
Бай мақтанса, бір жұттық.
***
Бай мақтанса, бір жұттық,
Батыр мақтанса, бір оқтық.
***
Бай менен жарлының арасы ауа менен жердей.
***
Бай мінеді бір ат,
Жарлы мінеді бір ат.
Жазғытұры болғанда,
Бай мінеді құр ат.
***
Бай таңдаған ерсіз қалады,
Көше берген жерсіз қалады.
***
Байға бар, қырға бар,
Әкең салған жолға бар.
***
Байқасаң, бақыт бір жерде тұрмайды.
***
Байлықтың атасы – еңбек,
Анасы – жер.
***
Байыдым деме,
Кедейлік сіңіріңе жетер.
Жетістім деме,
Қара жер түбіріңе жетер.
***
Бақ адасса, батпаққа қонады.
***
Бақ-бақ еткен текені
Қар жауғанда көреміз.
***
Бақ-бақ еткен текені қар жауғанда көрерміз,
Батырсынған жігітті жау келгенде көрерміз,
Шешенсінген жігітті дау келгенде көрерміз.
***
Бақ қонса, көкке ұшасың,
Бақ кетсе, жер құшасың.
***
Бақа батпағын сағынар.
***
Бақа батпағында,
Балық көлінде.
***
Бақа көлін сүйеді,
Бұлдырық шөлін сүйеді,
Ер жігіт елін сүйеді.
***
Бақаны алтын таққа отырғызсаң да,
Батпақты көргенде шоршып түсер.
***
Бақаның тойы батпақта.
***
Бақтың келуі – қайқайыс,
Кетуі – еңкейіс.
***
Бала қорыған жерге өш.
***
Бала нені білсе жастан, ұядан,
Өле өлгенше соны таныр қиядан.
***
Балаға сенген пәлеге қалады,
Жаманға сенген далада қалады.
***
Баладағы мал – даладағы мал.
Інідегі мал – індегі мал.
***
Балам, жыланнан қашқандай,
Жазықтан да қаш.
***
Баланы жеріне бер,
Жер ыңғайы келмесе, еріне бер.
***
Баланы сылау өсіреді,
Қарды қырау өсіреді.
***
Баласы өлген тобаға тоймайды,
Жоқ қараған обаға тоймайды.
***
Балтыры жуан батпақта.
***
Балығы болмаған көлі құрысын,
Киігі болмаған шөлі құрысын.
***
Балық суында,
Бақа сазында.
***
Балықты судан ізде,
Алтынды құмнан ізде.
***
Барар жері жоқ,
Басар тауы жоқ.
***
Барар жерің Балқан тау,
Ол да біздің көрген тау.
***
Барар жерің бар болса,
Барсаң, айран ішерсің.
Барар жерің жоқ болса,
Кімге барып түсерсің?
***
Барлық адамның тағдыры бір жерде түйіседі,
Құл да өледі, қожайын да өледі.
***
Бармаған жерде бақыр бар,
Барса бақыр табылмас,
Азаптанбай жатыңдар.
***
Барында көл-көсір,
Жоғында – шөл.
***
Басқа жердің айынан
Өзіміздің жұлдызымыз жарық болсын.
***
Бассыз жерге жалшы айғыр,
Балықсыз көлге бақа айғыр.
***
Батамен ер көгереді,
Жаңбырмен жер көгереді.
***
Батпаққа батқан есекке өз иесінен мықты жоқ.
***
Батыр бір оқтық, бай бір жұттық.
***
Батыр – елдің сәулеті,
Бал құрақ – жердің сәулеті.
***
Батыр елшіл, тұлпар жершіл.
***
Батыр мақтанса, бір оқтық,
Бай мақтанса, бір жұрттық.
***
Батыр мың қол бастайды,
Шешен тар жерде сөз бастайды.
***
Батыр туса, ел ырысы,
Жаңбыр жауса, жер ырысы.
***
Бәйтерек басын күн шалса,
Көлеңкесі жердікі.
Артық туған ақылды
Өмір бойы елдікі.
***
Бәлен жерде бақыр бар,
Барса, бақыр табылмас.
***
Бәлен жерде бақыр бар,
Барсаң – тап-тақыр.
***
Бәлені бастайтын – шарап,
Батпаққа тастайтын – арақ.
***
Бедеу деген биеңнің төл салмасын білдің бе,
Бетегесіз тақырға көл толмасын білдің бе.
***
Бел астындағыдан бесіктегі бала үміттенеді.
***
Берекелі болса ел – жағасы жайлау ол бір көл,
Берекесі кеткен ел – суы ашыған бетпақ көл.
***
Берекелі жерден мереке кетпес.
***
Бетегелі жерге мал тоқтайды,
Берекелі елге бақ тоқтайды.
***
Беткейден өтсең, бел қалар.
***
Би болмақ ініден,
Белге шықпақ баладан.
***
Бидай қырда, күріш Сырда,
Жемістердің ғажабы Жетісуда.
***
Бидайдың барар жері тиірмен.
***
Биік таудың басына:
Қиялап ұшып қыран да шығады,
Жер бауырлап жылан да шығады.
***
Биік таудың шатқалы да терең.
***
Биікпін деп созба мойын,
Биік атақ емес мойын.
Жұртыңнан асып жатса ойың,
Сен шығатын дөңес дайын.
***
Боз қырауда бойыңды көрсет,
Көктем шыға қойыңды көрсет.
***
Борай-борай қар жауса,
Бұ боран атты өлтірер.
Аз кісіні көп кісі
Жаман да болса, біреуіне келтірер.
***
Боранға бойы үйір ақпанның аязынан қорықпас.
***
Бөрі жоқ деме, бөрік астында,
Жау жоқ деме, жар астында.
***
Бөрі қораға шапқанда,
Аңғал далаға шауыпты.
***
Бөтен жерде бұлбұлды да «қарға» дейді.
***
Буынсыз жерге пышақ ұрып,
Суатсыз жерден суға түспе.
***
Бұ қу тамақ талай елге апат боп,
Жер қойнына кірген олар опат боп.
***
Бұ сараңнан түк дәметпе, көнбейді,
Сортаң жерге еккен бидай өнбейді.
***
Бұдырсыз жазық жоқ,
Бұтақсыз ағаш жоқ.
***
Бұл не деген батпан құйрық,
Далада жатқан құйрық.
***
Бұланға ерген шешекке аунар,
Доңызға ерген балшыққа аунар.
***
Бұлт – ала, жер – шола.
***
Бұлт болса, күн жауар,
ашық болса, жылынар,
өскен, туған жерлерін,
тентек кісі ұмытар.
***
Бұлт бірігіп жерге жаңбыр құяды,
Көп бірігіп көлді шөлге құяды.
***
Бүгін жер үстінде,
Ертең жер астында.
***
Бүлінген жерден
Бүлдірге алма.
***
Білгіші бар жаңылмас,
Жершілі бар адаспас.
***
Білмеген жердің ойлы-шұңқыры көп.
***
Білмеген сөз сыңайын не табады:
Болса да көк аспанда, жер қабады.
***
Білмегенге үйрет,
Жерге соқаны салып сүйрет.
***
Білім өрге жетелейді,
Жолдың турасын төтелейді.
***
Білім – терең түпсіз көл,
Надандық – нәрсіз шөл.
***
Білім тұрған жерде иман тұрады.
***
Білімді жерде қалмас.
***
Бір асуға – бір тасу.
***
Бір ауыз өсек ел өртейді,
Бір шағым қу жер өртейді.
***
Бір ауыздылықтан құт кіреді,
Ала ауыздылықтан жұт кіреді.
***
Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде.
***
Бір аяғым жерде,
Бір аяғым көкте.
***
Бір бидай көз көрім жерге жеткізеді.
***
Бір бөрінің баласы алты болар, бес болар,
Абзалы оның бір болар.
Абзалынан айрылса,
Әрқайсысы әр далада
Әрбір итке жем болар.
***
Бір осалдық болады екен әр ерде,
Бірер айып болады екен өнерде.
Басын алса соның үшін адамның,
Ешкім тірі қалмас еді о жерде.
***
Бірді сепсең, жерге,
Мыңды берер, елге.
***
Біреу шөл болса,
Біреу көл болсын.
***
Біреуге деп ор қазсаң, өзің түсерсің.
***
Біреуге елден береді,
Біреуге жерден береді.
***
Біреуді ұрып-ұрып саймен жүргенше,
Біреуге ұрдырып-ұрдырып қырмен жүр.
***
Біреудің жер көтермес малы бар,
Біреудің ат көтермес дәні бар.
***
Бірлік болған жерде тірлік болады.
maqal-matel.kz
