Мақал-мәтелдердің нақыл сөздермен және афоризмдермен ара қатынасы

Афоризмді мақалдан айыру қиын. Өйткені, көптеген афоризмдер мақал-мəтелдердің қатарына қосылып, халық аузында айтылып кетеді.

Шынында, афоризм дегеніміз де халық мақалы. Бірақ бір-біріне қаншама ұқсас болса да, олардың өзара кейбір айырмашылығы барлығы байқалады. Афоризм мақал мен мәтелдерге қарағанда, белгілі бір автордың атынан айтылады. Сонымен қатар, афоризм, көбіне, жазба әдебиет тұсында пайда болатын категория. Ал мақал-мәтелдер, әрқашан, ауыз әдебиеті негізінде жасалып, ауызша пайда болатындықтан, оның авторы болмай, халық қазынасы деп аталады. Мақал-мәтелдер мен афоризмнің ара қатысы жөнінде А.И.Ефимов былай дейді: «Афоризмы – это меткие и лаконичные изречения литературно-книжного происхождения, это своего рода пословицы, имеющие авторов» [1,42].
Үлкен Совет энциклопедиясы:
«Афоризм… мысль, выраженная в лаконической, отточенной и выразительной форме и получившая характер самостоятельного существующего изречения, например: «Религия – опиум для народа», «Человек… это звучит гордо» [2,512] – десе, «Орыстың қазіргі заманғы әдеби тілінің сөздігі» былай анықтама береді: «Афоризм… – изречение, выражающее в сжатой форме значительную мысль» [3,226]. Бұған қарағанда афоризмде ықшамдықпен бірге, елеулі, төл ой болуы шарт.
Ақын Мұзафар Әлімбаев афоризмге мынадай анықтама береді: «Қанатты сөздердің қайнар көзі – халық тілі – мақалдар мен мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері, әдеби тіл – жазушылардың, оқымыстылардың тарихта өткен атақты қайраткерлердің өткір нақылдары, сөз байламдары» [4,33].
Қанатты сөздерге Үлкен Совет энциклопедиясы мынадай анықтама береді: «Крылатое слово – меткое характерное выражение, вошедшее в обиходную речь и в состав фразеологии данного языка на правах пословицы, поговорки, народного изречения. Многие меткие, лаконичные выражения русских писателей стали крылатыми словами, например: «Ай, Моська, знать она сильна, что лает на слона» (И.А. Крылов), «Была без радостей любовь, разлука будет без печали» (М.Ю. Лермонтов) [2,535].
Афоризм мен мақал-мәтелдердің аралық жігін дәл жоғарыдағыдай етіп бөлу, жазба әдебиеті соң басталған халықтар үшін, оның ішінде қазақ халқы үшін кейбір ерекше жағдайды қажет етеді. Өйткені, мақал-мәтелдер мен афоризмді бір бірінен ажыратуға мұны меже тұтатын болсақ, жазба әдебиетіміз афоризмдерге аса кедей болған болар еді. Оған себеп, ауыз әдебиетінде белгілі ақын, жырау, салдардың атынан айтылатын кейбір афоризмдерді ешбір категорияға жатқызуға болмас еді. Сондықтан, қазақ афоризмдері, жазба әдебиеті ертеден дамыған орыс афоризмдеріне қарағанда, өзіндік ерекшеліктері арқылы ажыратылады. Сонымен қатар, ертеректе белгілі ақын, сал, жыраулардың атынан айтылатын қазақтың нақыл сөздері, көбіне, өлең түрінде, басқаша айтқанда, прозалық түрден гөрі, поэзиялық құрылымда жасалатын болған. Бұған себеп, қазақ әдебиетінде (ауыз әдебиетінде де) поэзия прозадан бұрын қалыптасты. Сондықтан нақыл сөздердің де ерте кезде поэзиялық құрлыспен жасалуы заңды жағдай. Кеңес өкіметі тұсында пайда болған нақыл сөздердің құрылысы әртүрлі. Олар поэзиялық, прозалық түрде де кездесе береді.
Жалпы алғанда мақал-мәтелдерден афоризмді мынадай жақтарына қарап ажыратуға болатын сияқты:
а) афоризм әрқашан оқиғаны, затты яғни өмірде болатын істің мазмұнын терең, өткір етіп береді. Сонымен қатар, афоризм қашанда оқиғаны тура мағынада бейнелеп отырады. Мақал-мәтелдер тура мағынада да, ауыспалы мағынада да қолданыла береді. Дегенмен, мақал-мәтелдер, афоризмге қарағанда, оқиғаны образды түрде бейнелейді.
ә) мақалдар мен мәтелдер ауыз әдебиетінің ерекше жанры ретінде қарастырылса, афоризм, көбіне, жазба әдебиетіне байланысты жасалып отырады.
б) мақалдар мен мәтелдер өмір құбылысының жақсы, жаман жағын бірдей көрсететін болса, афоризмдер өмір құбылысының, көбіне, жақсы жағын үлгі ретінде ғана баяндайды.
Афоризмдер өзінің пайда болу жағынан, көбіне, жазба әдебиетке тәуелді болады. Сонда, кейбір афоризмдер қазақтың көркем әдебиетінің көрнекті ақын-жазушылары атынан шығып, солардың қолтумасы болып саналатын болса, енді біреулері дүниежүзілік қөркем әдебиет классиктерінің шығармалары арқылы қазақ тіліне қосылып отырады.
Афоризмді мақал-мәтелдерден ажыратудағы басты меже боларлық жағдай, ол – афоризмнің белгілі автордың атынан айтылуы. Бірақ, кейбір афоризмдер белгілі авторға байланысты айтылмай, халық қазынасы ретінде көбірек айтылады. Мұндай жағдайды қазіргі газет-журналдардың бетінен жиі ұшыратамыз. Өйткені, келелі, өткір ойды жинақтап, ұғымды етіп халыққа жеткізу мақсатымен кейде, авторы белгісіз жана афоризм сөздердің пайда болуы көп кездеседі. Баспасөзде кездесетін мұндай афоризмдердің көбі халық арасында мақал ретінде танылады. Өйткені олардың авторы – жалпы ұжым.
Қорыта айтқанда, қазақ афоризмдері жазба әдебиеті негізінде жасалып, жаңадан қалыптасты. Бірақ, қазақ афоризмі қазақ әдебиеті тарихында болмаған категория деуімізге болмайды. Өйткені жазба әдебиеті кеш басталған қазақ әдебиеті сияқтыларда ауыз әдебиеті аса күшті дамығаны айқын. Ал ауыз әдебиеті тұсында афоризмдердің бәрі дерлік халық қазынасына айналып кеткені мәлім.
Шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер өзара тығыз байланыста дамиды. Бұларды өзара байланыстырып, біріне-бірін жақындататын кейбір жағдайлар бар. Олар мазмұны және қолданылу ерекшелігі жағынан бір ыңғайлас категориялар. Өйткені, олар өте ықшам түрде ұтымды да ұғымды етіп береді. Сонымен қатар, бұлардың бәріне бірдей тән сипат, ол – дидактикалық тәсілге құрылуы. Бірақ мақал-мәтелдерге қарағанда, шешендік сөздердің бәрі бірдей дидактикалық тәсілге құрыла бермейді. Бұл, көбіне, тапқыр ойды көркем түрде бейнелейді. Сонымен бірге бұлар құрылысы жағынан поэзиялық, прозалық түрде кездесе береді.
Мақал-мәтелдер, кейде, шешендік сөздерге арқау болып, айтылатын ойды бейнелеп түсіндіруде көркем құрал ретінде жұмсалады. Кейбір мақал-мәтелдер шешендік сөздердің негізінде пайда болады. Мәселен, Махамбет өлеңі әрі оның шешендік сөзі деп айтылып жүрген:
«Арғымақ аттың баласы
Аз оттар да, көп жусар,
Тарлаудан тартқан дәні бар,
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да көп жортар
Талауға түскен малы бар» – деген шумақты шешендік сөзге де, мақалға да жатқызуға болады. Алайда бұл өлеңді кейбір зерттеушілер шешендік сөздердің қатарына қосады. Сонымен бірге жалпы мақал-мәтелдер де шешендік сөздердің қатарында қарастырылып келеді. Шынында мақал-мәтелдердің шешендік сөздерге жақындығы болғанымен, олардың өзіндік айырмашылығы да бар. Жоғарыда мысалға келтірілген өлеңді кейде шешендік сөз деп, кейде мақал деп атауымыздың себебі де олардың өзара айырмасын толық аша алмай келе жатқанымыздан деп түсіндіруге болады. Сонымен қатар кейбір мақалдар мен шешендік сөздердің арасын ашуда дәйекті тарихи материалдарға сүйенуге тура келеді. Мәселен, Махамбет өлеңі болып айтылып жүрген жоғарыдағы өлең татарша:
«Арғымақ атның баласы
Аз ашар да көп юшар,
Азамат ирнең баласы
Аз сәйләр дә көп тынлар» – болып мақалдар жинағына енгізілген. Ал мұның, біріншіден, қай халықта бұрын шыққанын дәлелдеу керек болса, екіншіден – мұның не мақал екенін, не шешендік сөз екенін айқындау керек болады. Бұл мәселені дәл шешу үшін әдеби тіліміздің тарихына байланыстыра отырып зерттеуге болады.
Шешендік сөздерді мақал-мәтелдерден айыратын белгілер, негізінде, мыналар:
а) шешендік сөздер әрқашан, екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі, әдетте, түсінік сөз ретінде айтылады да оның құрамына енетін сөздер тұрақталмаған, кейде өзгеріске түсіп айтыла береді. Ал екінші қанатындағы сөздер тұрақты, ешбір өзгеріссіз айтылады. Яғни, шешендік сөздердің құрамы да мақал-мәтелдер сияқты, көбіне, тұрақты болады.
ә) шешендік сөздер өзінің құрамындағы сөздердің саны жағынан мақал-мәтелдерден көп. Сонымен бірге шешендік сөздердің бәрі бірдей мағыналық жағынан сұрыпталған емес. Мақал-мәтелдердің құрамында ондай жанама, қосымша мағынаға ие болып тұрған сөздер ұшырамайды.
б) шешендік сөздер ауыз әдебиеті жанрындағы ерекше бір түр. Өйткені, ауыз әдебиеті белгілі автордың атынан айтылмай, жалпы халық атынан айтылады. Ал шешендік сөздер бұл жағынан алғанда басқаша. Бұл белгілі бір кісінің атынан айтылатын жанр. Жеке кісінің сөзі ретінде қолданылуына қарап, мұны ауыз әдебиеті жанрына жатқызуға болмайды. Бірақ, сөйлеу тілінің негізінде жасалған бұл жанрды ауыз әдебиетінен бөле алмаймыз. Жеке автордың атынан айтылатынын еске алсақ, бұл жазба әдебиеті тұсында пайда болатын афоризмге жуықтайды. Мақал-мәтелдерде автор болмайды, олар жалпыхалықтық мұра болып танылады.
Қазақтың шешендік, нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері мағына жағынан бір-біріне байланысты болып жатады. Бірақ бұлардың бәрі бірдей өнеге, үлгі, ақыл беру мақсатына құрыла бермейді. Тіпті мақал-мәтелдердің өзі де өзара бір тектес жасалмайды. Олардың кейбіреуі дидактикалық ұғымға құрылса, енді бірі өмір құбылысын көркем суреттеу арқылы жасалады. Проф. Қ.Жұмалиев бұларды мағыналық, мазмұны жағынан қарастыра келіп ақыл сөздер мен нақыл сөздер деп екі топқа бөледі. Проф. Қ.Жұмалиев бұл топтауларға мынадай анықтама береді: «Ақыл сөздер – халықтың кейінгілерге қалдырған өсиет-ақылы, өмір-тіршіліктеріне жетекші басшылық. Сондықтан оның мағынасы ашық, ұғуға жеңіл, көпшіліктің бәріне түсінікті, аз сөзге көп мағына сыйғызып, көркем деп айтылған үгіт-насихат. Нақыл сөздер дегеніміз – үлкен ой, терең пікірге құрылған, өмір туралы айтылған ел санасының қорытындысы» [5,98].
Бұл топтастыруды орынды деп табуға болады. Мақал мен мəтел бір жағынан халық ауыз əдебиетінің күрделі жанры ретінде қарастырылатын болса, екінші жағынан, бұлар өзінің сыртқы құрылысы жағынан тіл ғылымының зерттеу объектісі болып табылатын тұрақты сөз тіркестерінің қатарына жатады. Сондықтан мақал мен мəтелді екі түрлі тұрғыдан зерттеуге болады. Өйткені, мақал мен мəтел əдебиет пен тілдің екеуіне бірдей зерттеу объектісі бола алады.
Мақал мен мәтел – халықтық поэзияның ерекше жанры болып саналады. Олай болса, мақал мен мәтелдің құрылысында поэзияға тән қасиеттер мен сипаттардың болуы шарт. Мақал мен мәтелдерді поэзияға жуықтататын басты дәнекер, ол – ырғақ, ұйқас, дыбыс, сөз қайталау сияқты өлеңге тән сипаттар. Академик В.В.Виноградов мақал мен мәтелдің жасалуында ырғақ, ұйқас, аллитерациялардың едәуір рөлі барлығын көрсетеді. Проф. Қ.Жұмалиев поэзияның халық санасының өскен кезіндегі дәуірде әлеумет өмірін тануда ‰лкен орын алғанын айта келіп, мақал мен мәтелдердің де поэзиялық құрылысқа жуық болуының себебі осыған байланысты деген пікір білдіреді [5,98].
«Мақал мен мәтел, шын мәніндегі поэзия болмаса да өзінің құрылысы жағынан: ырғақ, ұйқас, дыбыс қайталануы және т.б. жағынан өлеңге жуықтайды». Мақал мен мәтелдің құрылысында, олардың жасалу жолдарындағы басты шарт – өлеңге тән сипат қабылдауы. Бұлардың бұлай болуына бір себеп – халық өзінің өмір тәжірибесін қорытындылауда және қоғамдық құбылысқа өзінің көзқарасын білдіруде мақал мен мәтелді бірден-бір дұрыс құрал ретінде пайдаланды. Олай болса, тапқыр ой мен терең ұғымды әрі қысқа, әрі құлаққа жылы етіп берудің тәсілі осы мақал мен мәтел арқылы шешілгені айқын. Сонымен қатар ежелгі басты саланың бірі. Ал қазақтың ауыз әдебиетінде, поэзия жанры, прозаға қарағанда кең тараған сала. Сонымен бірге халық тілегін орындауда ұзақ уақыт бойына поэзияның қызметі де басым болып келді.
Екінші жағынан, прозада болсын, поэзияда болсын ұйқас арқылы келген тұжырымды ойдың өткір, әрі тез ұғынылатыны айқын. Сондықтан мақал мен мәтелдің жасалуындағы ырғақ пен ұйқастың атқаратын рөлі – оларды тек үйлестіріп қана қоймай, айтылған ойдың мағынасын тез ұғынуға көмек ету болып табылады.
Қорыта айтқанда, мақал мен мәтелдің халық арасына тез тарап, олардың өткірлігі мен ұғымдылығын арттыра түсуде, өлең құрылысына тән – ырғақ пен ұйқастың мақал мен мәтелдің құрамында да белгілі қызмет атқаратыны айқын.
Мақал мен мәтелдің буын өлшемі (ырғағы). Мақал мен мәтелдің өзіне тән ерекше ырғақтық құрылысы болады. Ырғақ олардың тұрақтылығын сақтаумен қатар халыққа тез ұғынылып, есінде ұзақ сақталуына мүмкіндік тудырады. Мақалдың ырғақтық құрылысы өзінің тұжырымдылығы, айқындылығы арқылы басқа жанрлардың ырғағынан өзгешеленеді. Әсіресе, өлең ырғағына қарағанда мақал-мәтелдерде ырғақтың басқаша болатын себебі, соңғының құрамындағы сөздердің саны мен орын тәртібін сақтауына да байланысты. Өйткені, мақал мен мәтелде буын саны әрқашан өлең құрылысындағыдай қатаң сақталып отырмайды. Қазақ поэзиясы негізінде, силлабикалық өлең құрылысының жүйесіне жататындықтан, мұның басты өлшеуіші буын екені айқын. Сонда, қазақ өлеңдерінің ырғағы мен ұйқастың сипаты, негізінде, өлеңнің буын саны арқылы айқындалып отыратын болса, мақал мен мәтел негізінде, буын өлшемі ғана емес, олардың құрамындағы компоненттердің грамматикалық формалары мен құрылымына қарай да жасала береді.
Ал кейбір мақал-мәтелдердің буын саны, өлеңдегідей әрбір тармақ сайын қайталанып келіп отырады. Мақал мен мәтелдер өзінің құрылымы жағынан поэзиялық, прозалық болып екіге бөлінетіндіктен, өлеңге тән емес. Мақал-мәтелдер, көбінесе, екі тармақты (жолды) бір шумақтан жасалып отырады. Бұл, негізінде, параллелизм принципіне тән қасиет. Мақал-мәтелдердің әрбір жолында келетін немесе әр шумақта келетін сөздердің параллелизм принципі бойынша құрылуына байланысты ырғақ жасалады. Сондықтан қазақ мақал-мәтелдері өзінің құрамындағы сөздердің буын санының біркелкі келіп отыруы арқылы ырғақ жасайды.
Мақал мен мәтелдің құрамы мен өлшемі әр түрлі. Қазақтың өлең құрылысының негізі – шумақтағы әр бір тармақтардың буын санының біркелкі келуіне бағыну шарт болатын болса, мақал-мәтелдің құрамы бұл өлшемді әрқашан сақтай бермейді.
Мақал-мәтелдің өлеңнен бір басты айырмашылығы – бұлар сөзге өте-мөте сараң, басы артық сөздермен қосымшаларды өзінің құрамынан шығарып тастап отырады. Мақал-мәтелдің құрамындағы сөздердің күрделі ойға қатысы жоқтары немесе оған үстеме, жанама мағына беретіндері түсіп қалып отырады. Сонымен қатар, мақал-мәтелдің көркем, образды болып жасалуына, олардың қарамағындағы сөздердің ешбір қатысы болмайды. Мұндай басы артық сөздер өлеңдерде жиі кездеседі. Мақал-мәтелдердің бұл ерекшелігі өздерінің құрылысына да әсерін тигізеді.
Мақал-мәтелдер шумақ түріне бай емес. Қазақ мақал-мәтелдері талдап қарағанымызда екі, үш, төрт, алты тармақты шумақтары кездеседі. Бірақ, қазақ мақал-мәтелдеріне тәні – екі тармақты шумақ болатынын жоғарыда айттық. Өйткені, төрт, алты тармақты шумақтардың әрбір екі тармағы өзара екі тармақты параллелизм принципімен жасалып отырады.
Мәселен, қазақ мақал-мәтелдері параллелизм негізіне құрылғандықтан, олардың мағынасы, негізінде, екі тармақ арқылы беріліп отырады. Мысалы:
«Ақыл азбайды,
Білім тозбайды».
***
«Жақсыға жанас,
Жаманнан адас».
***
«Ер туған жеріне,
Ит тойған жеріне» – деген мақалдар екі тармақтан құралып, бір шумақ жасап тұр.
Ал:
«Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар
Ер үйірін сағынса!
Айыл – тұрман тағынар!»
***
«Киім пішсең, кең піш,
Тарылтуың оңай,
Ағаш кессең, ұзын кес,
Қысқартуың оңай.
Темір кессең, қысқа кес,
Ұзартуың оңай» – деген екі шумақтың екеуі параллелизм принципіне сүйене отырып жасалған. Сонда алдыңғы екі тармақтағы айтылған пікір мен соңғы (3,4 жолдағы) тармақтарда айтылған пікір аналогиялық жолмен жасалып отыр. Сол сияқты соңғы шумақтағы алты тармақ та өзара екі жолдан бір параллелизм құрап тұр.
Сонымен мақал-мәтелдердің шумағы, негізінде, екі тармақтан тұрады деуімізге болады. Бұл шумақ саны, тек поэзиялық құрылымы бар мақал-мәтелдерде ғана ұшырайды. Ал прозалық құрылымдағы мақал-мәтелдер бір тармақтан тұрады. Өлең құрылысында шумақтың көп түрлері ұшырайды. Бұл жағынан мақал-мәтелдер өлеңге қарағанда кедей келеді.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ефимов А.И. Язык сатиры Салтыкова-Щедрина. – Москва, 1953.
2. Үлкен Совет энциклопедиясы. Т.3.
3. Словарь современного русского литературного языка. Т.1.
4. Әлімбаев М. Өрнекті сөз-ортақ қазына. – Алматы: Қазақстан, 1967.
5. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. – Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1960.

Қанапина Б.Т.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы